2003 жылы 14 қыркүйекте Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығына орай “Исатай-Махамбет” сәулеттік-мемориалдық кешені салтанатты түрде ашылды. Кешен қаланың орталығында орналасқан және қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналған.
Бұл кешеннің авторлары:
Сәулетшілер – Бөкебай Саматбек Тәженұлы, Тайталиев Бақтыбай Халықұлы;
Мүсіншілер – Әбішев Бақыт және Сергебаев Ескен.
“Исатай-Махамбет” кешені Мәскеудегі Халықаралық фестивальде және Флоренцияда өткен Халықаралық сәулет көрмесінде жоғары бағаланып, алтын дипломмен марапатталды. Авторлар кешен арқылы халықтың бостандыққа деген ұмтылысын, арманын мүсінде шебер бейнелей білді. Мемлекет және қоғам қайраткері Иманғали Тасмағамбетов осы жобаның тұжырымдамасының авторы және идеологы болды.
Ескерткіштің сипаттамасы:
Кешеннің орталық бөлігінде әрқайсысының биіктігі 5,1 метр болатын, биіктігі 2 метр тұғырға орнатылған екі тұлғалы атты композиция орналасқан. Композицияның негізі 3 сатылы стилобаттан тұрады және ол көрермендер мінбері ретінде қолданылады. Стилобат толығымен гранитпен қапталған. Монументтің жалпы биіктігі 11,1 метрді құрайды. Монументтің артқы жағында 9 метрлік “Қорған” деп аталатын бөлігінде “Еділ-Жайық” барельефі қоладан құйылған (14х2,8 м). Жалпы демалыс алаңының аумағы 4,8 гектар жерді алып жатыр.
2018-2019 жылдары “Исатай-Махамбет” сәулеттік-мемориалдық кешеніне қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Алаңда 6 бассейн және субұрқақ орнатылды, сонымен қатар, мраморлық домбыра түріндегі ерекше архитектуралық композиция қойылды. Қазіргі таңда алаң қаланың көрнекті және танымал орындарының бірі болып саналады.
Дереккөзі: https://atyrau-heritage.kz/kk/qr/89-04