Атырау облыстық көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейі 1992 жылдың 2 сәуірінде халық депутаттары Атырау облыстық Кеңесінің атқару комитетінің 1990 жылы 15 қарашадағы №308 шешіміне сәйкес ашылып, 1999 жылы қыркүйек айында облыс әкімшілігінің ұйғаруымен және Қазақстан Республикасы мұнай өнеркәсібінің 100 жылдығына Атырау облысының халқына тарту ретінде «Қазақойл» Ұлттық мұнай-газ компаниясының демеушілік көрсетуімен жөндеуден өткізіліп, халыққа қызмет көрсетіп келеді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 5 шілдедегі №690 қаулысы бойынша музейге жерлесіміз, КСРО Суретшілер Одағының мүшесі, суретші Шаймардан Сариевтің есімі берілді.
Қазіргі музей ғимараты 1945 жылы 2 қатарлы перзентхана ретінде салынған. Жалпы көлемі 1009,7 шаршы метр, 9 экспозициялық залы, 8 қызметтік бөлмесімен қамтылған. Музей шын мәнінде еліміздің басты асыл қазынасы, Қазақстан мемлекетінің тарихын көзінің қарашығындай сақтап қалатын бірегей орын.
Музейдің басты мақсаты: өткен мен болашақтың ортасын саралай келе тарихи-мәдени мұраға назар аудару;музей қорындағы туындыларды сақтау, қорғау және насихаттау; музей қызметінде ұйымдастырылатын дәріс сағаттар, шығармашылық сұхбаттар және музей қорынан тақырыптық көрме түрлерін дамытып, әлеуметтік желілерде белсенділігін арттыру; тыңдармандар мен көрермендерге жеткізу; музейді еліміздің тарихи құндылықтарымызбен қайталанбас жауһар жәдігерлерімізді сақтайтын ірі орталыққа айналдыру, музей қорындағы тарихи-мәдени құндылықтарды сақтау, экспозициялау және насихаттау үшін жаңа ақпараттық, цифрлық және онлайн музей технологияларын белсенді енгізу.
1992 жылы ашылған мекеменің қорында қазіргі таңда 2000-нан астам өнер туындылары сақтаулы тұр. Музейде Қорларды ғылыми зерттеумен қамтамасыз ету бөлімі, есеп бөлімі, экскурсиялық және бұқарамен жұмыс бөлімі жұмыс жасайды. Музейдің тоғыз залында шығармашылықтары еліміздегі бейнелеу өнерінің дамуына ықпал еткен республикаға танымал өнер иелерінің жұмыстары орналасқан. Атырау облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейі өз қорларын сандық форматқа ауыстырып үлгерді. Яғни, үйден шықпай-ақ музей залдарын көрермендер виртуалды онлайн түрінде аралауға болады. Көрермендерге музей жәдігерлерін онлайн турлар арқылы ұсынады және өзіңіз қалаған өнермен сусындау мүмкіндігі қарастырылған. Өнер музейінің әр жәдігері мен залдарын 3D модельдеу және анимация, ақпараттық киоскілерден өнер туындылары мен музей залдарын 360 градустық форматта көруге болады. Бірнеше топтастырылған өнер туындыларын музейдің 9 залына атап айтсақ, Ш.Сариев залына, Сарайшық залына, Графикалық залына, Орталық залына, екі Қолөнер залына, Махамбет залына, Көрме залына, Асыл мұра залдарына экскурсия жасап тамашалауға мүмкіндік бар. Музейде экскурсиялардың алуан түрлері, дәріс-сағаттар, онлайн-оффлайн шығармашылық-сұхбаттар, жеке шығармашылық көрмелер, шеберлік сағаттары, облыстық, республикалық деңгейде байқау-көрмелер, симпозиумдар, пленэрлер, музей қорынан жинақталған тақырыптық экскурсиялар өте жиі ұйымдастырылып тұрады. Музейдегі әр туынды, әр экспонат оның басты байлығы. Әр жәдігерді көздің қарашығындай сақтап, келешек ұрпаққа қаз-қалпында жеткізу – музейдің әр қызметкерінің басты парызы. Мұнда бар туынды барынша тиісті нормада сақталып отыр, ал жөндеуге жататын нұсқалары жаңғыртушы маманның қолымен жаңартылады. Бұл үлкен еңбек. Музей шын мәнінде еліміздің басты асыл қазынасы.
Атырау облыстық Шаймардан Сариев атындағы өнер музейінде «Бейнелеу өнер студиясы» жұмыс жасайды. Күні бүгін студияда оқушылар сурет, кескіндеме, композиция бағдарламасы бойынша білім алады. Музей – қазіргі заманғы мәдени және ғылыми орталық, Қазақстан халқы мен әлем халықтарының қайталанбас жауһар туындыларын және мұраларын көбейту, сақтау, мәдени тынығуға арналған өнер шаңырағы.
Мекенжай: Атырау қаласы, Азаттық көшесі, 11
Жұмыс уақыты: 09:00 – 18:30
Телефон: 8 (7122) 35-48-03
Касса: 09:00 – 18:00 аралығында жұмыс істейді
Демалыссыз
Музейге кіру билетінің бағасы:
- Ересектер: 500 ₸
- Зейнеткерлер: 300 ₸
- Студенттер: 300 ₸
- Мектеп оқушылары: 200 ₸
- Мектепке дейінгі жастағы балалар: 50 ₸
- Шетел азаматтары: 1000 ₸
Жеңілдіктер:
- III топ мүгедектігі бар келушілерге – 50% жеңілдік
- I және II топ мүгедектігі бар келушілерге – тегін кіру
Instagram: @sariev_museum
Веб-сайт: shaimardan.kz
Facebook: Шаймардан Сариев атындағы өнер музейі