Атырау облысында орналасқан «Ақ Жайық» мемлекеттік табиғи резерваты табиғат әуесқойлары мен экотуризмді бағалайтын туристер үшін ерекше орын. Резерваттың жалпы аумағы 341 мың гектарды құрайды және ол Жайық өзенінің Каспий теңізіне құяр жерінде орналасқан. Бұл жер әлемдік деңгейде құстардың көші-қон жолында маңызды орын болып табылады.
2014 жылы резерват ЮНЕСКО-ның биосфералық резерваттар желісіне енгізілді. Бүгінде бұл аймақты миллиондаған құс мекендейді немесе көші-қон кезінде аялдайды. Оның ішінде қоқиқаз, ләйлек, бұйра бірқазан және өзге де сирек кездесетін құстар бар. Резерватта 292 түрлі құс тіркелген, оның ішінде 26 түрі Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген.
Туризмді дамыту мақсатында резерват аумағында құрлық және су бағыттары бойынша арнайы маршруттар әзірленді. Бұл саяхатшыларға табиғаттың сұлулығынан ләззат алып, сирек кездесетін флора мен фаунамен танысуға мүмкіндік береді. Резерват өсімдіктерінің арасында сирек кездесетін қалқымалы сальвиния, Шренка қызғалдағы және чилим (су жаңғағы) ерекше қорғауға алынған.
«Ақ Жайық» резерватын Атырау қаласынан жету үшін, алдымен қала орталығынан 50-60 км қашықтықта орналасқан Құрманғазы ауданына көлікпен бару қажет. Бұл жерге такси немесе жеке көлікпен оңай жетуге болады. «Ақ Жайық» табиғи резерватынан табиғат аясында жүріп, сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарларды көруге болады.
Сонымен қатар, резерват аумағында сүтқоректілердің 78 түрі, жәндіктердің 24 түрі, бауырымен жорғалаушылардың 2 түрі кездеседі. Табиғи ортаның осындай әртүрлілігі оны экотуризмнің маңызды орталығына айналдырып отыр.
«Ақ Жайық» резерватын туризм саласына енгізу және инфрақұрылымды дамыту арқылы аймақтың табиғи байлығын бүкіл әлемге танытуға болады.