Мәңгілік алау

Мәңгілік алау – халқымыздың азаттық, Отан намысы жолында құрбан болған ерлері мен батырларын мәңгі жадында сақтауды бейнелейтін, сөнбейтін от.

Атырау қаласындағы Мәңгілік алау, Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске арналған, Батыс Қазақстандағы ең үлкен кешендердің бірі – Жеңіс бағында жайғасқан.

«Мәңгілік алау» ескерткіші — Жеңіс бағының ішінде 2000 жылы бой көтерді. Көлемі 1 гектар жерді алып жатқан аллея кірме тастармен көмкерілген. Алаңның төрінде шойыннан құйылған бес бұрышты жұлдыз пішіндес Мәңгілік алау орналасқан. Сөнбейтін жалын – Отан қорғаған жауынгерлердің мәңгілік есімі мен рухының белгісі.

Ескерткіштің сыртқы жағында тот баспайтын темірден жасалған, ұзындығы 9 метрлік найза тәрізді бағана тұр. Алаңның қос қапталында екі мүсін орнатылған, оның бірі – жауынгер анасының, екіншісі – қара жамылған қайғылы ананың бейнесін көрсетеді.

Scroll to Top