Тарихқа сүйенсек, 1929-1933 жылдары 1,5 миллион қазақ халқы ашаршылықтан ажал құшқаны ел жадында. Сол зұлматты Атырау өңірі де бастан өткерді. Сол бір қиын кезеңде Атырау өңірі, Нарын құмын жағалай қоныстанған халықты аштықтан аман алып қалған азықтардың бірі – қасиетті өсімдік құмаршық еді. Құмаршық туралы аға ұрпақ білгенімен, кейінгі ұрпақ біле бермейді.
Бұл ескерткіш – бүгінгі ұрпақтың аға буын алдындағы парызы, жас ұрпаққа аманаты. Ескерткіш поэзия падишасы Фариза Оңғарсынованың ескерткішінің маңында орналасқан. Қола мен граниттен жасалған композиция шартты түрде үш элементтен тұрады: рельефті қабырға, орталық элемент және тұғыр.
Рельефті қабырғаның алды мен артқы бөлігінде құмаршық туралы жыр жолдары мен сол кездегі зұлмат бедерленген: кәмпескеленген мал, ашыққан жұрт, талғажау болған құмаршықты жинап, тамақ еткен адамдардың бейнелері бедерленген. Граниттен жасалған тұғыр құмаршық өсетін Нарын құмдарының еспе шағылдарын бейнелейді. Орталық элемент – рельефті жарып шыққан құмаршық және қол ұстасқан ұл мен қыз баланың мүсіндері.
Ескерткіштің жалпы биіктігі 4 метр 20 сантиметрді құрайды. Туындының авторлары: Қазақстан журналистер одағының мүшесі, қоғам белсендісі Тұрсын Калимова, мүсінші Ринат Әбенов, қола құюшы Аманжол Мукенов, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі, сәулетші Асылбек Мұхамеджанов. Орындаушысы – ҚР тас қалаушысы Роман Титушин.