Фариза Оңғарсынованың ескерткіші

«Дара күндерімнің, нала түндерімнің, серігі болғаның үшін, сенімі болғаның үшін, мен сені аялаймын» деп қазақ поэзиясына адалдығын көрсеткен ақын Фариза Оңғарсынованың ескерткіші қаланың көркіне айналды. Фариза Оңғарсынова – ақын, Қазақстан Республикасының халық жазушысы, Абай атындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.

Ақын «Шабыт» халықаралық фестивалінде бірнеше рет «әдебиет» номинациясы бойынша қазылар алқасын басқарған. Фариза Оңғарсынованың таланты мемлекет тарапынан лайықты бағаланып, оған «Қазақстан Республикасының халық жазушысы» құрметті атағы берілді. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын иеленді. «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. 2009 жылы мемлекет пен қоғам алдындағы ерекше еңбегі үшін Президент Н.Ә.Назарбаев Ф.Оңғарсыноваға «Достық» орденін тапсырды. Мемлекет басшысы 2009 жылдың желтоқсан айында Ф.Оңғарсынованы 70 жылдық мерейтойымен құттықтай отырып, оның елдің дамуына ақын, журналист және ҚР Парламентінің депутаты ретінде зор үлес қосқанын атап өтті.

Ескерткіш қоладан құйылған, тұғырының биіктігі – 4 метр 50 сантиметр, ал ақын бейнесінің биіктігі 4 метр 10 сантиметр. Тұғыр сегіз қабырғалы болып жасалған. Оның бір қабырғасында ақынның аты-жөні жазылса, қалған жеті қабырғасында поэзия падишасының өлеңдерінен бір шумақтан келтірілген. Мүсіннің авторы – мүсінші Мұрат Мансұров. Сәулетші Серік Рүстамбековтің айтуынша, мүсін ақынның шабыттанып, жаңа жыр жазуға ұмтылып тұрған сәтін бейнелейді.

Ақынның ескерткіші Атырау қаласындағы қазақ ғылымының заңғар тұлғасы Қаныш Сәтбаев даңғылында орналасқан. Ескерткіштің ашылу салтанатына Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов, өңірдің зиялы қауым өкілдері, ақынның туыстары мен жастар қатысты.

Scroll to Top